• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.26
  • EUR:
    602.13
Басты сайтқа өту
Балалар Бүгін, 12:58

Балабақша жүйесі түбегейлі реформаны қажет етеді -  депутат

20 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты Ажар Сағындықова еліміздегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметіне қатысты бірнеше өзекті мәселені көтеріп, Оқу-ағарту министріне депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, балабақша саласы заңнамалық тұрғыдан жеткілікті деңгейде қорғалмаған, бұл балалардың дамуына тікелей кері әсер етіп отыр, деп жазады Egemen.kz.

Мәжіліс депутатының пікірінше, салада заңнамалық олқылықтар, кадр тапшылығы, сапасыз инфрақұрылым және инклюзияның жеткіліксіздігі тәрізді көптеген түйткіл бар.

2023 жылғы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, еліміздегі балалардың балабақшамен қамтылу деңгейі қалада – 36,6%, ауылдық жерлерде – 47,8% қана. Ең төменгі көрсеткіш республикалық маңызы бар қалаларға тиесілі: Астанада – 29,1%, Алматыда – 30%, Шымкентте – 32,9%. Ал ең жоғарғы қамтылу деңгейі Шығыс Қазақстан (49,9%), Батыс Қазақстан (49,3%) және Түркістан облыстарында (46,7%) тіркелген.

«Бірақ біз көріп отырғанымыздай, жағдайы жақсы аймақтарда да әр екінші бала балабақшаға бармайды. Бұл тек орын жетіспеушілігіне емес, сонымен қатар ата-аналардың тәрбиешілерге деген сенімінің төмендеуіне байланысты», дейді депутат.

Мектепке дейінгі ұйымдарда ерекше қажеттілігі бар балаларды қамту мәселесі одан да алаңдатарлық. Депутаттың айтуынша, мұндай балалардың саны артып келеді, алайда олар үшін арнайы бағдарламалар мен бейімделген орта қалыптаспаған.

«Кейбір балалар тіпті сөйлей алмайды. Ал оларды дұрыс бақыламау – ата-ана үшін де, мемлекет үшін де үлкен қауіп»,  деп мәлімдеді А. Сағындықова.

Сондай-ақ, мемлекеттік стандарттардың толық бекітілмеуі, кадр даярлау жүйесінің әркелкілігі, жеке балабақшалар мен ауылдық елді мекендердегі материалдық базаның әлсіздігі де жүйелі мәселелер қатарында аталды.

Альтернативті және отбасылық балабақша нысандарына қолдау да жеткіліксіз. Көптеген ата-ана кіші форматтағы балабақша ашуға дайын болғанымен, оған заңдық тұрғыда рұқсат алу қиын әрі экономикалық тұрғыдан тиімсіз.

Білім беру сапасының тағы бір өзекті тұсы – педагогтардың еңбекақысы мен құқықтық қорғалуы.

«Мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлері еңбек және әлеуметтік жағынан толық қорғалмаған. Олар үшін психологиялық қолдау қызметін дамыту қажет. Бұл – күйзелістің, тіпті зорлық-зомбылықтың алдын алуға мүмкіндік береді», деді депутат.

Инклюзивті білім берудің де жағдайы мәз емес. Елімізде инклюзивті орта қалыптаспаған: көп балабақшада пандустар, арнайы дайындалған педагогтар, жеке даму бағдарламалары жоқ. Бұл – ерекше қажеттілігі бар балаларды толыққанды тәрбиелеу процесінен шеттетіп отыр.

ЮНИСЕФ зерттеулеріне сәйкес, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалардың 40%-ы бірінші сыныпқа қажетті танымдық және эмоциялық дайындықсыз келеді. Бұл теңсіздікті бастауыш мектептен бастап туындатып отыр.

Тағамтану мәселесі де сауалда назарға алынған. Қолданыстағы нормаларда "минимум" көлемдер көрсетілгенімен, бұл кей жағдайда артық тұтынуға жол ашады. Мысалы, қазір 3–7 жас аралығындағы балаларға арналған қант нормасы – 45 г/тәулік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл санды 19–24 г көлемінде шектейді.

Сауалда балалардың тағам мәдениетін арттыру мақсатында заманауи форматтарды енгізу, яғни фуршет түріндегі тамақтану, өнімді еркін таңдау, дұрыс тамақтану қағидаларын үйрету секілді бастамалар ұсынылған.

Осы мәселелерді ескере отырып, депутат келесі ұсыныстарды алға тартты:

1. Қолданыстағы заңнаманы кешенді талдау;

2. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту туралы жеке заң қабылдау;

3. Сапа стандарттары мен нормативтерді қайта қарау.